2022 жыл 3 маусым күні «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлы арнайы келіп, балалармен кездесу өткізді. Кездесу аясында демалушы балалар көкейлерінде жүрген сауалдары мен тілектерін білдірді. Сұхбат барысында ҚР Президенті жариялаған «Балалар жылы» аясында бастау алған жобалар, балалардың сапалы жоғары білім алуы, жас спортшыларды қолдау сынды өзекті тақырыптар аясында да талқылау сұрақтары қойылды.
Биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, сапалы білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шараларын басты назарға алған болатын.Президентіміз жас ұрпаққа үлкен сенім артып, олардың жарқын болашағы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуды қолға алуда. Осыған орай биыл елімізде баланы жан-жақты қолдауға арналған жобалар бастау алуда.
Бұл кездесуден өскелең ұрпақтың «Балалар жылы» аясында қолға алынып жатқан жобалар мен бастамаларды бақылап, қызығушылық танытып жүргенін байқадық. Жас қазақстандықтардың болашаққа деген ұмтылысы, қоғам өміріне деген қызығушылығы мен белсенділіктері баршамызды қуантқаны сөзсіз.
Кездесуді қорытындылай келе, Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бектайұлы балалардың тілектері мен ұсыныстарын назарға алатындығын және ұрпағымыздың болашағы үшін еңбек етіп жатқандықтарын атап өтті.