Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.
Осы қасиетті де қуанышты мерекеге орай, еліміздің барлық білім ордалары мен мәдени орталықтарында көптеген іс-шаралар өтетіні белгілі. Аталмыш іс-шараның бірі «Балдәурен» РОСО-нда орын алды. Желтоқсан айының 14 күні, «Сиқырлы Балдаурен» жаңа жылдық оқиғалар» атты ауысым барысында Білім кешенінде «Тұғыры биік туған жер» бекет ойыны өткізілді. Ойынның басты мақсаты-еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылардың патриоттық сезімін, қазақ халқының өткен тарихы мен мұрасына деген құрметтерін қалыптастыру. Шығармашылыққа, алғырлыққа, зеректікке баули отырып, топпен бірлесе жұмыс істеуге, айналасындағы ортамен қарым-қатынас жасауға, ынтымақ пен бірлікке тәрбиелеу.
Ойынға барлық топтар белсене қатысып, ойынның шарты бойынша әзірленген туған елдің тарихын, салт-дәстүрін, қасиетті жерлерін, ұлттық ойындары мен тарихи тұлғаларын, күмбірлеген күйлері мен асқақ рухты әндерін, үлгілі өнері мен бүгінгі күнгі жетістіктерін насихаттайтын тапсырмалары бар 11 бекеттен өтті. Ойын барысында әр топ өздерінің белсенділіктері мен білімдерін, шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, бойларындағы шынайы патриоттық сезімдерін таныта алды. Отанға деген адалдық пен үлкен махаббатқа толы ұлтжанды, мәдениетті, жан-жақты дамыған ұрпақ қана еліміздің ертеңгі тірегі бола алады. Осы орайда аталған іс-шараның берер тағылымы мол болды.
Тәуелсіздік – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Олай болса, Тәуелсіздігіміздің 32 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Егеменді еліміздің еңсесі биік, таңы нұрлы болып, көк аспанда қасиетті көк Туымыз мәңгі желбіресін!
«Балдәурен» РОСО Білім кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қалиева Салтанат Сағынайқызы