Биыл қазақтың белгілі ақыны, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл.  Осыған орай, «Бадәурен» РОСО-нда қыркүектің 17 күні  «Сөнбейтін жұлдыз жарығы»  атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Кешке Білім кешенінің ұстаздары жауапты болды. Кеш барысында жас балдәурендіктерге дауылпаз ақын, сыршыл композитор, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылық жолынан мағлұматтар беріліп,  ақынның өз қатарластарынан бір ғасыр озық жүретін жаңалық жаршысы екендігі тереңінен ашылды.

Қазақтың маңдайына жұлдыз болып бұйырған бес арыстың бірі Сәкен Сейфоллаұлының азапты да өнегелі өмір жолы мен шығармашылығы балаларға үлкен әсер беріп, жас  таланттардың шабытын шыңдады. Кеш барысында  Әбдікәрім Айкен «Сүгірдің термесін» нақышына келтіре орындаса, Әлжаппар Айлан «Ана» әнімен жас көрермендердің сезімдерін толқытты.   Сатыбалды Ертұран,  Кенжебай Ақжүрек және Талғатұлы Жантөре «Ерке сылқым», «Адай» күйлерін шеберлікпен орындап шықты.

Сонымен қатар, Сейілханова Айару, Тілеуқұл Дара, Довбня Дарья, Арыстан Біржан ақын аталарының туған жерге арналған жыр шумақтарын  мәнерлеп жатқа айтып берді . Ал көпшіліктің көңілінен шаққан  Жорабек Зайнабтың орындауындағы ақын атаға деген  арнау  өлеңді сіздердің назарларыңызға  ұсынып отырмыз.

 

Қазақтың бетке ұстар ар-намысын,

Алаштың өшпес сия қарымысың.

Жеткізген өлеңдерің жүректерге,

Елімнің қамқор жүрек арымысың.

 

Жарқ ете қала салған жұлдыздайсың,

Отанын шексіз сүйген жалғыздайсың.

Сәкен ата, тар жолда тайғақ кешсең дағы,

Халқың үшін, адал жолдан айнымайсың.

 

Қазақты қара тұман басқан кезде,

Жағып ең жарығыңды өзің бізге.

Алашты тура жолға жетелейтін

Сөнбейтін жұлдыз болдың елімізге.

 

Иә, елінің болашағы үшін шындықты айтудан және қиын тақырыптарды ашудан қорықпайтын ақын дарынды және адал адамның жарқын мысалы болып қала береді. Басымыздағы үлкен бағымыз тәуелсіздікті жақындатуға бар күшін салған ұлт ұлының рухына біздер әрқашан тағзым етіп, келер ұрпаққа мақтанышпен жырлаймыз.

                             Салтанат Қалиева- қазақтілі пәнінің мұғалімі 


Біздің серіктестер

banner
banner
banner
banner
banner
banner
banner
banner
banner
banner