Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке ретінде белгілейтін заңға қол қойған болатын.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленетін өзгерістер енгізілді.
Бұл күннің Республика күні болып бекітілуі бекер емес. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздерімі бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды.
Осы айтулы мереке аясында «Балдәурен» РОСО-да Республика күніне арналған «Әрекет уақыты» көшбасшылар мен пікірсайысшылардың І Республикалық слеті өтті.
Слет қатысушылары: құрметті қонақтар, мектептің өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшылары мен мүшелері, "Жас ұлан" балалар қоғамдық бірлестігінің өкілдері, пікірсайысшылар.
Слет аясында «Талпыныс, Сенім, Жеңіс!», «Спорт – денсаулық, қуаныш пен бақыт!», «Режиссеры своей жизни», «Движение возможностей», «Свобода и ответственность», «Өткір сөз бен терең ой», сондай-ақ психологиялық тренингтер, зияткерлік ойындар өтті.
Жас көшбасшылар мен пікірсайысшылардың республикалық слеті еліміздің түкпір-түкпірінен келген балалар жақынырақ танысып, достасып, тәжірибе және идеялармен алмасатын бірегей қарым-қатынас алаңы болып табылады.