Отан-қасиетті бесігіміз, қымбатты қазынамыз, ата-бабаларымыздан қалған аяулы аманатымыз. Отан деген бір ғана сөз қаншама адамның жүрегінде жылу ұялатып, бойында мақтаныш сезімін тудырады десеңші. Отан, туған жер, туған ел дегенде туламайтын қан , жылымайтын жүрек жоқ шығар сірә. Кіндік қаны кесіліп, анасының иісі сіңген қасиетті отанын жырға қоспаған ақын, әнге қоспаған әнші жоқ. Отанын жырлаған ұлы ақындардың бірі, қазақ әдебиетінің асқар тауы Мұқағали Мақатаев та:
...Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен- деп, Отанымызды бақытына балаған еді. Ақынның өлең жолдарынан ұлтжандылық сезімін көре аламыз. Сол ұлтжанды ұландарымыздың патриоттық, отансүйгіштік қасиетін қазіргі өскелең ұрпаққа дарыту баршамыздың парызымыз. Дәл осы парызымызды орындап, жас қазақстандықтардың өз елінің тарихына,мемлекеттік тіліне, бай мәдениеті мен халқының дәстүріне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Балдәурен» РОСО-да 2016 жылы 22-ақпанда Төлепбай Мұхитдин Бекболатұлы мен Битуова Тілдаш Рысқұлбекқызының бастамасымен «Қазақстандық жас патриоттар академиясы» құрылды. Міне, бүгін орталығымызда «Қазақстандық жас патриоттар академиясының» бой көтергеніне 6 жыл толып отыр.
Қазақстандық жас патриоттар Академиясы күні аясында мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл толуына арналған «ҚР Мемлекеттік рәміздері қазақстандық патриотизмді қалыптастыру факторы ретінде» атты онлайн-конференция өтті.
Онлайн-конференция жұмысына: қазақстандық жас патриоттар Академиясының мүшелері, еліміздің өңірлерінде орналасқан филиалдар, 2022 жылғы 2-ауысымның қатысушылары-көшбасшылар, патриоттар, Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының өкілдері, мектеп белсенділері қатысты.
Академияны құру идеясының авторларының бірі – Битуова Тілдаш Рысқұлбекқызы конференция қонағы болып, балаларға ізгі тілектері мен жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шара аясында Академия қатысушылары белсенділік танытып, белсенді жұмыстарын көрсетті.
Патриотизм мемлекеттің өміршеңдігінің моральдық негізі болып табылатын қоғамда «Жас патриоттар академиясы» мен жас қазақстандықтар бірлесе жұмыс жасап, еліміздің тамыры терең, іргесі берік болуына өз үлестерін қосуда. Академия өз жұмысын жалғастырып, биік белестерден көрінуіне, патриот өрендер қатары толуына тілектеспіз!