«Жастар» педагогикалық тобы - баланың орталықтағы әрбір өткен уақыты үшін жауапты жан. Өзіне берілген балаларға қамқор болып, үйдегі ата-ананың рөлін атқарады. Баламен бала болып ойнап, керек кезінде ата-ана, аға-әпке, дос, бауыр бола білетін әмбебап – ұстаз, тұла бойы тұнып тұрған талант иелері. Өзінің бойындағы бар өнерін баланың бойына сіңдіруге барынша аянбай еңбек етеді.
«Балдәурен-Шымкент» РОСО филиалы менің арманыма қанат байлап, мақсатыма бір қадам жақындатуда. Ұйымдастырушы-ұстаз (вожатый) болу қызықты, әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Алдыңа келген 30 баланың мінезін, еркелігін көтеріп, оның ата-анасы, аға-әпкесі, досы бола білуің керек. Менің бұл жұмыстан ешуақытта бас тартқым келмейді. Себебі, періштедей пәк балалардың шат-шадыман күлкісін көргенде бар жұмыстың қиыншылығын ұмытып, баламен бала болып кетесің.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін, - деп М.Жұмабаев жырлағандай, «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл, жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады». Болашақтың кілті, елдің ертеңі - білімді жастар. Мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі тікелей жастарға байланысты.
Орталықтағы балалардың бас тәлімгерлері – ұйымдастырушы-ұстаздар болып табылады. Тәлімгер – оқушыны қызықты және танылмаған ғажайып әлемге жетелеп апаратын бастаушы. Ұйымдастырушы-ұстаз ол мәртебе емес, ол жаныңның жақсы күйі. Ол күнімен балалармен көптеген міндеттерді орындайды, өзінің білімі мен біліктілігін қамқорлығындағыларға беріп, сарқылмайтын күш-қуатымен үнемі күліп жүретін жан. Ол жаңа бастамалар мен идеяларды ойлап тауып, жүзеге асырушы.
Ауысым бойы өтілетін іс-шаралардың сценарийлерін «Жастар» педагогикалық тобы өздері құрастырып отырады. Орталықтағы дәстүрлі іс-шаралар «топ визиткасын қорғау» кеші, «ауысымның ашылуы мен жабылуы», салтанатты кештері, «Олимпиада» ойындары, «Патриоттық әндер» байқауы т.б іс-шаралар «Жастар» педагогикалық тобының іскерлігі мен қабілетін шыңдай түсуде. Әр оқу жылында ауысым бағыттары сақталады, тек ауысым атаулары ғана жаңарып отырады.
Еліміздің болашағы жас ұрпағымыз үшін біліміміз бен тәрбиемізді, бар күш жігерімізді салмақпыз. Балалардың «Арман аралына» айналған «Балдәурен» - бақытты балалық шақ ордасы күнен-күнге дамып, күндеріміз жемісті әрі жеңіске толы боларына сенемін!
Қырандай ұшып қалықтар, педагогикалық топ - «New Zhastar»!
Бойларында жалындаған күші бар,
Осы кезде Жастарды сен есіңе ал.
Жастар – алға, Жастар – самға қалықтап,
Балдәуреннің жастарсыз осы несі бал!
Бұл жастарсыз ойын-сауық, кештердің,
Ешбірі де қызықты болып өте алмас.
Тек алға Балдәурендік «New Zhastar»,
Сіздердей өнерліні ешкім осал дей алмас.
Әрбір ұйымдастырушы-ұстаз өзінше ерекше, креативті болуға тырысады. Себебі: жан-жақтан келетін баланың тілін табу, оларға жарқын көңіл-күй сыйлау – басты мақсат. «Жастар» педагогикалық тобы - орталығымыздың жүрегі. Уақытша құрылған балалар бірлестігімен тығыз байланыста болып, оқушыларға психологиялық ахуал мен жағымды жағдай жасап, олардың шығармашылық қабілетін дамытып, өмірдің негізгі құндылықтарын: адамгершілік, мейірімділік, жауапкершілік, патриоттық сезімдерін нығайтып, жеке тұлға болып қалыптасуларына жағдай жасауда. Әр күн сайын өздерінің нағыз тәлімгер екенін дәлелдеп келеді. 27-қараша «Жастар» педагогикалық тобының туылған күні. Осы атаулы мерекемен жалпы орталық жастарын 20 жылдық мерейтойларымен құттықтаймын.
Құрметті «Жастар» педагогикалық тобы!
Ел ертеңі болар жас ұрпақты тәрбиелеуде қанаттарыңыз талмай, аянбай еңбек ете беріңіздер. Жаңа жетістіктер мен сенімді достық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ата-аналарыңыздың абыройлы перзенті, еліміздің нағыз азаматы болыңыздар. Алар асуларыңыз бен, жетер жетістіктеріңіз көп болсын!
Ерназарова Айнұр Шүкірқызы,
«Балдәурен» РОСО филиалының
ұйымдастырушы-ұстазы.
Түркістан облысы, Төлеби ауданы