
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында әр ауысым сайын тәлімгерлік шеберлік мектебінің сабақтары өткізіледі. Бұл сабақтар тәлімгерлердің педагогикалық құзыреттілігін арттыруға және кәсіби дамуына бағытталған. Аталған кездесулер орталықтың әдістемелік жұмысының маңызды бөлігіне айналып, тәрбие процесін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін дамытуға және балалармен тиімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді.
Бүгін «Жастар» педагогикалық жасағының педагог-ұйымдастырушылары — Касенова Жанерке, Қаратай Санжар, Ғұмарова Нәзік және Төлеген Әлінұр — «Балалар мотивациясы» тақырыбында топтық жұмыс түрінде сабақ өткізді. Сабақ ғылыми-әдістемелік бөлім әдіскері Айтымова Н.К.-ның жетекшілігімен өтті.
Кездесу барысында балалардың ішкі және сыртқы мотивациясын қалыптастырудың өзекті мәселелері, ұжымда қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру жолдары, сондай-ақ тәрбиеленушілердің танымдық белсенділігі мен бастамашылдығын арттыру әдістері қарастырылды. Педагог-ұйымдастырушылар балаларды қызықтыруға, олардың өзін-өзі жүзеге асыруға деген ұмтылысын қолдауға және белсенді әрекетке тартуға көмектесетін практикалық құралдарды талқылады.
Сабақта педагогтің жеке үлгісінің рөліне, сенімді қарым-қатынас орната білуіне және әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеруіне ерекше назар аударылды. Практикалық бөлім педагогикалық жағдайларды талдауды және жасақтағы мотивациялық қолдаудың тиімді формаларын әзірлеуді қамтыды.
Осындай сабақтардың өткізілуі педагогикалық шеберлікті жетілдіруге, командалық жұмысты нығайтуға және тәрбие жұмысының сапасын арттыруға ықпал етеді. «Балдәурен» РОСО тәлімгерлік шеберлік мектебі педагог-ұйымдастырушылардың кәсіби дамуына және тәжірибе алмасуына жағдай жасай отырып, өз жұмысын жалғастыруда.





